Сәтбаев қаласының білім бөлімінің ұйымдастыруымен «ЖАҢАРУ ЖОЛЫНДАҒЫ НАУРЫЗ» тақырыбын кең ауқымда қамтыған қалалық іс-шара қала орталығындағы кең алаңда өткізілді.
Оқушылар сарайының педагогтері мен оқушыларының ұйымдастыруымен салт-дәстүрді ұлықтаған мерекелік концерттің бағдарламасы наурыз көруші қала жұртшылығына ұсынылды. Ауыл үлкендерінің наурыз тойын тойлап, ауыл аралап кеткендеріне орай, әзілдесіп, қалжыңдасқан бір топ өнерлі жастар бірлесіп қазақтың “Бастаңғы” дәстүрін жаңғыртады. Ән-жырларымен отырыстарын нағыз той-думанға ұластырады.
Ұлттық салт-дәстүрді арқау еткен бұл бағдарлама көрерменді қазақы болмыс пен рухани мұраның тереңіне жетеледі.
Қазақтың «Еркем-ай», «Гүлдер-ай», “Япурай”
әндерін нақышына келтіріп қыз бен жігіттер болып кезектесіп шырқайды.
Көрші ауылдың Тоқымқағар тойына да барғысы келген жастар наурыз -думанның көркін одан да жайнатып, көңілді әндер шырқайды. Ортаға палуандар да шақырылып, оларға қасқыр, түлкі ішектен бағалы бұйымдар сыйға тартылады.
Оқушылар сарайының өнерлі биші қыздары «Сабау» биін билеп, №2 балалар музыка мектебінен халық әні «Гүлдерайым»,
«Жігер» халық аспаптар оркестірі «Шаңды жорық» күйін тартылып, Балалар өнер мектебінің әжелер қауымы мен оқушылары салт-дәстүрге сай қонақ қарсы алудың қазақи үлгісін көрсетіп, вокал мен қобызшылары өнер көрсетіп, күмбірлеген күйлерін әуелетті.
Әнші жастардың орындауында С.Мұхамбетжанов «Қазақстаным» квинтеті шырқалды.
Іс-шара аясында Ә. Марғұлан атындағы мектеп тіккен киіз үй мен білім беру ұйымдары ұсынған қолөнер көрмесі ұлттық құндылықтарды насихаттаудың жарқын үлгісі болды.
№27 жалпы білім беретін мектебі ұлттық тағамнан дастарқан жайды.
Білім бөлімінің ұсынған наурыз мерекесі өткен мен бүгінді сабақтастырып, ұлттық дәстүр мен жаңғырудың үйлесімін айшықтаған тағылымды шара ретінде көпшіліктің жүрегінде сақталатыны сөзсіз.